Қорғаныс министрлігі Алматы облысында іздестіріліп жатқан әскери тікұшақ бөлшектерінің фотосуретін көрсетті, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ол 25 шілдеде радардан жоғалып кетті. Бір күннен кейін, 26 шілдеде ұшақтың бөлшектері табылды. Сорбұлақ көлінде іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов іздеу жүріп жатқан аймақта жоғалған ұшқыштардың туыстарымен кездесті. Министр оларға қолдау білдіріп, операция тәулік бойы жалғасатынын, барлық ресурс жұмылдырылғанын және әскерилер қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.
"Біз соңына дейін әрекет етіп, іздеуді жалғастырамыз. Жақын туыстарына жан-жақты қолдау көрсетіледі, күн сайын байланыстамыз. Қайғылы жағдайдың себептерін анықтау және жоғалғандарды табу үшін бар күшімізді саламыз", – деді Қосанов.
Тікұшақ экипажы командирі Үйсенбай Нұржігіттің ағасы Медет Ержігіттің айтуынша, ұшқыштардың туыстары жедел штаб орналастырылған орында таңертеңнен кешке дейін жүр.
Олар іздеу тобының құрамында Сорбұлақ көлін айналып өтіп, әуеден тікұшақтың су түбінен көру мүмкін еместігіне көз жеткізді.