Ақтаудағы жағажайлардың бірінде Toyota маркалы көлік теңіздегі құмға батып, тұрып қалған, деп хабарлады paryz.kz.
25 мамыр күні жарияланған видеода пикаптың теңіз жағасында батпаққа батып қалғаны көрінеді. Оқиға орнында жүрген демалушылар бұл жағдайға саспай, көңіл көтеріп, би билеп, видео түсіріп, тіпті бір жігіт сүйіктісіне ұсыныс жасап жатқан сәт те кадрға түсіп қалған.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Оқиға қала жағажайларының бірінде демалыс күндері болған. Toyota маркалы көліктің жүргізушісі көлігін теңізге түсіру мақсатында суға кірген, алайда көлігі құмға батып қалған. Жүргізуші автокөлікті өз күшімен шығарып алған. Зардап шеккендер жоқ. Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (Қоғамдық орындарды ластау) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жүргізушіге ескерту берілді», – делінген полиция мәлімдемесінде.