Прямая трансляция

Астана

Астана

2°C

«Коучтардың кеңесі отбасындағы ұрыс-керіске себеп болуы мүмкін»: психолог Ержан Мырзабаев

Психолог, «Отбасы академиясының» негізін қалаушы Ержан Мырзабаев Adal Adam YouTube арнасына берген сұхбатында әлеуметтік желіде отбасылық қарым-қатынас туралы кеңес беретін коучтар мен блогерлердің қоғамға ықпалы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.

«Коучтардың кеңесі отбасындағы ұрыс-керіске себеп болуы мүмкін»: психолог Ержан Мырзабаев
Фото: видиодан скриншот

Бұған дейін белгілі коуч Роза Әшірбаева «Uide» жобасында әйелдің туған күнге немесе құрбыларының үйіне бару үшін күйеуінен не енесінен сұрануын орынсыз деп санайтынын айтқан. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желіде қызу талқыланған еді.

Ержан Мырзабаевтың айтуынша, мұндай пікірлерді тыңдаған адамдар, әсіресе жастар, оны дұрыс деп қабылдап, отбасындағы қалыптасқан қарым-қатынасын өзгертуі мүмкін. Ал бұл ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік пен ренішке әкелуі ықтимал.

«Иә, әсер етеді. Күйеуінен сұранбай кетіп қалуы мүмкін. Сұранып жүрген адамның өзі “сұранбау керек екен ғой” деуі мүмкін. “Неге сенен сұранамын, сен менен неге сұранбайсың?” дейді. Содан үйде ұрыс-керіс, түсініспеушілік, реніш басталады. Әртүрлі айтылған ойлар отбасына тікелей әсер етеді. Өйткені біз сөзге, айтылған ойға, пікірге осалмыз», – деді психолог.

Оның пікірінше, әлеуметтік желіде айтылған кеңестерді адамдар кейде өз өміріне тікелей қабылдайды.

Бұрын қалыпты саналған әрекетті біреу міндетті емес деп түсіндірсе, адамның оған деген көзқарасы өзгеруі мүмкін.

Ержан Мырзабаев қоғамның мұндай мәлімдемелерге реакция білдіруін де қалыпты құбылыс деп бағалады. Ол отбасылық мәселелерге қатысты пікір айтқанда өмірлік тәжірибесі бар адамдардың көзқарасын да ескеру маңызды екенін жеткізді.

«Біздің қоғамның жақсы жағы – үнемі үрдістерге реакция көрсетеді. Белгілі бір уақытқа дейін қабылдайды, ал қабылдай алмайтын дәрежеге жеткен кезде реакция көрсете бастайды. Жалпы, қоғамдағы тәжірибесі бар, өмір көрген кісілерді тыңдау керек деп ойлаймын», – деді ол.

Психолог әлеуметтік желіде отбасылық қарым-қатынас туралы кеңес беретін адамдардың кәсіби біліктілігіне де назар аударды.

Оның айтуынша, кейбір блогерлер мен коучтардың отбасы психологиясы бойынша арнайы білімі болмаса да, көпшілікке өз пікірін кеңес ретінде ұсынып жүр.

Ержан Мырзабаев сұхбат барысында Қазақстанда психологиялық қызметке қатысты заң қабылданғанын айтып, оның кәсіби білімі жоқ адамдардың психологиялық қызмет көрсетуін реттеуге бағытталғанын жеткізді.

Журналистің Роза Әшірбаеваны сұрануға қатысты пікірі үшін сотқа беруге бола ма деген сұрағына Ержан Мырзабаев бұл мәселені заңгерлер бағалауы қажет екенін айтты.

«Оны заңгерлерден сұрау керек шығар. Ешқандай маманды талқылағым келмейді. Ал мен отбасы психологы ретінде айтарым, отбасылық қарым-қатынасқа қатысты мәселелерде біржақты тұжырым жасаудан аулақ болған жөн», – деді ол.

Сонымен қатар психолог әлеуметтік желіде кәсіби психологиялық қызмет көрсетіліп жатқанына күмән туған жағдайда құзырлы органдарға жүгініп, оның заң талаптарына сәйкестігін тексеруді сұрауға болатынын жеткізді.

«Әлеуметтік желіде “мен психологпын, коучпын” деп ақыл айтқыштар өте көп. Бірақ түбінде кәсіби білімі, практикасы, тәжірибесі жоқ. Саланың маманы болмағандарды жауапкершілікке тарту керек деп ойлаймын», – деді Ержан Мырзабаев.