Жамбыл облысында әріптесінің үйіне екі рет ұрлыққа түскен әйел сотталды, деп хабарлайды paryz.kz.
Сотқа жүгінген келіншек мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Өткен жылы оның туған інісі келіп, үй кілтін сұраған кезде әріптесі кілттің қайда тұратынын естіп қалады.
Бірнеше күннен кейін ол жұмыстан ертерек шығып, кілтті тауып алып, әріптесінің үйіне заңсыз кірген. Сол күні алтын кулон мен сақинаны, ал бірнеше күннен кейін дәл сол тәсілмен алтын алқа мен білезікті ұрлаған. Сотталушының кінәсі толық дәлелденді.
Прокурор оған 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Жәбірленуші материалдық залалдың толық өтелгенін айтқан. Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігі (бірнеше рет жасалған ұрлық) бойынша 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Сот шешімімен әйел 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда жазаны өтеу мерзімі оның 14 жасқа толмаған баласының болуына байланысты 3 жылға кейінге шегерілді. Үкім заңды күшіне енді.