Алматыда сарбаздың қаза болуына әкеп соққан қызметке салғырт қарағаны үшін батальон командирінің орынбасары сотталды, деп хабарлады бас прокуратура.
Алматы гарнизонының әскери сотында Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздың қаза болу фактісіне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды.
Еске салайық, 2025 жылдың 23 қыркүйегінде жеке құрамның қарумен жұмыс істеу барысында пулеметтен абайсызда оқ атылып, оның салдарынан оқ жарақатын алған қатардағы жауынгер қайтыс болды.
Тергеп-тексеру барысында батальон командирінің орынбасары қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпегені, сондай-ақ алдыңғы өткізілген атыстардан кейін қаруды толық тексеруді ұйымдастырмағаны анықталды.
Соның салдарынан ұңғыда қалып қойған оқ әскери қызметшінің қаза болуына себеп болды. Сот талқылауының қорытындысы бойынша аталған лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігімен (ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.