Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев мектептерде оқушылардың ұялы телефон пайдалануына толық тыйым салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ол Оқу-ағарту министрлігінің өкіліне сауал жолдап, смартфондар оқу процесіне кері әсер етіп жатқанын айтты.
Депутаттың сөзінше, телефон пайда болғалы оқушылардың сабаққа деген ынтасы төмендеген. Сонымен қатар, үзіліс кезінде балалар бір-бірімен араласудың орнына экранға үңіліп отырады.
Сондай-ақ, оның айтуынша, мұғалімдер де қиындыққа тап болған. Кейбір ұстаздар сабақ барысында айтқан сөздері жазылып кетуі мүмкін деп қауіптеніп, еркін сөйлей алмай отыр.
Осыған байланысты депутат мектеп ішінде телефон пайдалануға толық заңнамалық шектеу енгізуді ұсынды. Ал Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де талқыланып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда мектептерде телефон қолдану тәртібін әр білім беру ұйымы өз бетінше реттейді.
Министрлік толық тыйым салуға асықпайды. Себебі оқушыларды цифрлық дәуірге бейімдеу маңызды. Кей жағдайда телефондар оқу мақсатында да қолданылады. Осыған байланысты министрлік барлық мектепке ортақ ереже әзірлемек. Онда телефонды пайдалану тәртібімен қатар, оқушылардың цифрлық сауаттылығы мен «цифрлық гигиенасы» да ескеріледі.