Шымкент қаласында мобильді қосымша арқылы астыртын онлайн-казино жұмысын жоспарлы түрде ұйымдастырған қылмыстық топ әшкереленді. Қала тұрғыны «Nomad» желісіне біріктірілген «Vendetta» және «AMG600L» клубтарын құрып, «Техас холдемі» покер ойынын тәулік бойы жүргізіп келген деп хабарлайды Paryz.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бұл казиноның ауқымы өте кең болған. Ұйымдастырушылар мессенджерлер мен бонустық жүйелер арқылы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан азаматтарын жаппай ойынға тартқан. Қаржы айналымы: Ойынның жалпы айналымы 557 миллион теңгеден асқан. Ойыншылардың кейбірі 30 миллион теңгеге дейін ақшасынан айырылған.
Ақшаны жылыстату: Күдіктілер ақшаны жасыру үшін «дроптарды» (жалған тұлғалар мен шетелдіктер) пайдаланған. Олардың шоттарын қолданғаны үшін айына 100-200 мың теңге төлеп отырған.
Табыс көзі: Ұйымдастырушылар әр ойыннан 3-5% комиссия алып, ойыншылар тоқтамауы үшін оларға виртуалды ақшаны қарызға беріп отырған. Тінту кезінде басты ұйымдастырушының үйінен тек техникалық құралдар емес, сонымен қатар есірткі заттары да табылған. Қазіргі уақытта екі күдікті үй қамауына алынып, іс материалдары сотқа жолданды.
Мамандар онлайн-казинолардың қолжетімділігіне байланысты олардың адамды тез тәуелді қылатынын және қаржылық тығырыққа тірейтінін ескертеді.