Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев брифингте Дубайда Қазақстан азаматтарының үйлері зақымданғаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz.
Журналистердің бірі Дубайда зымыран түскен ғимарат "қазақстандықтардың резиденциясы" деп аталып жатқаны туралы ақпарат шыққанын айтты. Желідегі ақпаратқа сәйкес, сол ғимаратта 96 Қазақстан азаматының пәтері бар.
Сол ғимараттағы "пәтерлердің бірі сенаттың бұрынғы спикері Қайрат Мәмидің ұлына тиесілі" деген де ақпарат айтылды. Әлібек Бақаев Сыртқы істер министрлігінде бұл пәтерлердің кімге тиесілі екені туралы ақпарат жоқ екенін мәлімдеді.
"Дубайда, Таяу Шығыста отандастарымыз жүр, бірақ олардың қайда тұратыны немесе қандай мүлкі бар екені туралы бізде ақпарат жоқ. Қазақстан азаматтарынан ешқандай өтініш түскен жоқ. Бірде-бір Қазақстан азаматы қайтыс болған жоқ", - деді министрлік өкілі.