Жарты жыл бұрын қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат алаяқтық дерегі бойынша 10 жылға сотталған болатын. Қазіргі уақытта оның темір тордағы жағдайы мен еңбекке тартылуы туралы Todayinfo.kz редакциясы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне ресми сауал жолдады, деп хабарлайды paryz.kz.
«Сұрау салуда көрсетілген сотталған сот шешіміне сәйкес мекемеде жазасын өтеп жатыр. Қазіргі уақытта мекемеде бос жұмыс орындарының болмауына байланысты сотталған жұмысқа тартылмаған», – деп жауап берді ҚАЖК.
Комитет мәліметінше, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде 35 кәсіптік және техникалық білім беру ұйымы жұмыс істейді.
«Аталған ұйымдарда сотталғандар 48 мамандық бойынша білім ала алады. Атап айтқанда: тігінші, аспаз, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастырушы, кондитер-сәндеуші, тігін өндірісі және киім үлгілеу, модельер, әрлеу-құрылыс жұмыстарының шебері, ара шаруашылығы, шаштараз өнері, есептеу техникасы және ақпараттық желілер және басқа да мамандықтар бар», – делінген жауапта.
Сонымен қатар қысқа мерзімді курстар да қарастырылған.
«34 мамандық бойынша 1 айдан 2 айға дейінгі қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылған. Әйел сотталғандар үшін ең сұранысқа ие мамандықтар – тігінші, шаштараз, визажист және кондитер», – деп нақтылады комитет өкілдері.
ҚАЖК дерегінше, сотталғандардың жеке деректері жария етілмейді.
«Дербес деректер және оларды қорғау туралы” заңның 15-бабына және ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 93-бабына сәйкес сотталғандардың жеке ісінен алынған ақпарат жария етуге жатпайды», – деп түсіндірді ведомство.
Сондай-ақ сотталғанның орналасқан жері туралы мәлімет тек туыстарына беріледі.
«ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 25-бабына сәйкес сотталғанның жазасын өтеу орны туралы ақпарат оның жақын туыстарына хабарланады», – делінген жауапта. Айта кетейік, қазіргі уақытта Перизат Қайраттың нақты қай колонияда отырғаны жарияланған жоқ.