Заңсыз жолмен салмағы 958,7 грамм болатын кедейлендірілген уранды иемденген Өзбекстан азаматы оны әрі қарай сату үшін Шымкент қаласындағы танысына ұсынған. Ал ол өз кезегінде мәмілеге Ақтөбе қаласының екі тұрғынын тартқан. Бұл туралы paryz.kz Диапазон сайтына сілтемемен хабарлайды.
Іс материалдарына сәйкес, салмағы бір келіге жуық уранды Өзбекстан Республикасының азаматы заңсыз жолмен иемденген.
Кейін бұл зат Шымкент қаласындағы танысы арқылы ақтөбеліктердің қолына өткен. Олар радиоактивті затты сату үшін сатып алушылар іздеумен айналысқан. Радиоактивті жүк Шымкенттен Ақтөбеге жеңіл көліктің жүксалғышы арқылы жеткізілген.
Келісім қала сыртында жүзеге асуы тиіс болған, сатушылар уран үшін 500 мың АҚШ долларынан астам қаржы алуды жоспарлаған. Алайда затты беру сәтінде құқық қорғау органдары оларды қолға түсірді.
Сараптама нәтижесінде тәркіленген заттың уран екені расталды. Үш күдіктінің барлығы өз кінәларын мойындады.
Сот шешімімен Ақтөбе қаласының екі тұрғыны екі жылға бас бостандығынан айырылды. Ал олардың сыбайласы бұрын сотталғаны үшін алты айға ұзақ мерзімге жаза алды. Сот үкіміне сәйкес, радиоактивті зат жойылуға жатады.