Түркістан облысында 38 жастағы Әйгерім Әжікееваны аса қатыгездікпен өлтірген Төрехан Ералхановқа үкім шықты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Сот қылмыстың салқынқанды жасалғанын ескеріп, оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Тергеу материалдарына сәйкес, ол әйелін шөп байлайтын жіппен буындырып өлтіріп, денесін өз үйінің ауласына көмген. Сотта белгілі болғандай, бұл оның алғашқы қылмысы емес.
Бұған дейін екі рет ауыр қылмыс жасап, сотталған. Бір іс бойынша психиатриялық тексеру қорытындысымен арнайы медициналық мекемеге жіберілсе, екіншісінде 10 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын толық өтемей бостандыққа шыққан.
Сот төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, айыпталушының әрекеттері ерекше қатыгездікпен жасалғанын дәлелдейтін жайттар аз емес.
Қылмысты 8:20 мен 9:00 аралығында жасағанын өзі мойындады. Сол күні кешкісін, шамамен сағат 21:00-де, туған інісін шақырып, үйінде лото ойнатқызған. Бұл – оның салқынқанды мінезін айқын көрсетеді, – деді судья.
Қанды оқиғаға байланысты жәбірленуші тараптың да үкімге көңілі толмай отыр.
«Біз 20 жылға келіспейміз. Бұл – бір емес, екі емес, үш адам өлтірген адам. Мұндай қылмысқа қатаң үкім керек. 20 жыл аз деп есептейміз», – дейді марқұмның әпкесі Жақсыгүл Әжікеева.
Еске сала кетейік, ақпан айында Айгерім Әжікеева жоғалып кеткен. Кейіннен оның денесі екі ай өткенде көршісінің ауласынан қорланған күйде табылды. Тергеу мәліметінше, қылмыскер әйелді тыр жалаңаш күйде көміп, үстіне топырақ сеуіп, шөп жауып, ат байлап қойған. Әйгерім Әжікеева — тұрмыс құрмаған. Ал ата-анасы — ІІ және ІІІ топтағы мүгедектігі бар жандар. Олар тек қызынан ғана емес, отбасының жалғыз асыраушысынан айырылды.