"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы желіде тараған видеоға қатысты түсініктеме таратты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Әлеуметтік желіде автобус жүргізшісі түсірген видео тарады. Ақылы жолдың таблосында 61 мың теңгенің төлемі шығып тұр.
"Міне, Алматыдан бастап Қатоңқарағайға барып келдік. 61 120 теңге деп тұр. Мә, ал, осындай шығарып тұр", - дейді жүргізуші. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы таратқан мәліметке сәйкес, мұндай жағдайлардың басым бөлігі жиналып қалған қарыздардан болып жатады. Ал дәл сол автобус 24 шілдеден 2 тамызға дейінгі аралықта Атырау облысынан Талдықорған қаласына дейінгі ақылы учаскелермен жүрген. Оған қоса, 2022 жылдың 10 тамызынан бастап төленбеген қарыздары да болған. Соның нәтижесінде 61 120 теңге шыққан.
"Егер төлем уақтылы жүргізілмесе, жүйеде берешек ретінде тіркеледі. Бұл сома уақыт өте келе ұлғайып, келесі сапар кезінде бірден бүкіл қарыз үшін шот ұсынылады",- дейді компания мамандары. Сонықтан қарыздарыңызды алдын ала тексеріп, мобильді қосымшалар мен жеке кабинет арқылы уақытында төлеген дұрыс, деп ескертті компаниядағылар.