Түрікменстан Ираннан келген шетел азаматтарына гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлады елдің сыртқы істер министрлігі.
Түркіменстан Таяу Шығыстағы қақтығыс жағдайына байланысты елден шығамын деген азаматтарға өз аумағын ұсынды.
Олардың қатарында шетелдік дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері, сондай-ақ қазіргі уақытта Иранда жүрген басқа да азаматтар бар.
Мемлекет оларды Ираннан шығару бойынша шұғыл шаралар қабылдап жатыр.
"Бүгінгі күні Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Румыния және басқа да елдерден 120-ға жуық адам Түрікменстанның мемлекеттік шекарасын өткізу бекеттері арқылы кесіп өтті", - деп жазылған хабарламада.
Түрікменстан Ираннан келгендерді көлік, азық-түлік, қонақ үй және ең қажетті заттармен қамтамасыз етті, деп хабарлады ведомстводағылар.
Министрлік гуманитарлық миссияны жүзеге асыру шеңберінде Түрікменстанның тиісті мемлекеттік органдары шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста екенін де жариялады.
Еске салсақ, маусымның 13-іне қараған түні Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) ауқымды операция бастап, әуе күштері Иранның әскери және ядролық бағдарлама нысандарына соққы жасады. Израиль шабуылдарын жалғастырып жатыр.