Прямая трансляция

Астана

Астана

20.71°C

Күтпеген шешім: Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартты

Қазақстандық кәсіпқой боксшылар арасында енді әлем чемпионы атағын иеленіп жүрген спортшы қалмады, деп хабарлайды paryz.kz.

Күтпеген шешім: Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартты
Фото: әлеуметтік желіден

Осы уақытқа дейін Қазақстанның жалғыз әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы болатын. Алайда 2026 жылы 21 шілдеде ол бұл мәртебеден өз еркімен бас тартты.

WBO қазақстандық боксшының чемпиондық белбеуден бас тарту туралы өтінішін мақұлдады.

Ұйымның шешіміне сәйкес, Жәнібек Әлімханұлының орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан өз еркімен бас тартуы қабылданды. Осыған байланысты уақытша чемпион болған Дензел Бентли толыққанды әлем чемпионы атанды.

Ал орта салмақтағы міндетті үміткер мәртебесі Йоенли Эрнандеске берілді. Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы чемпиондық атақтан бас тарта отырып, WBO-дан өзін екінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемдік рейтингке енгізуді сұрады.

Осылайша, ол мансабын бұдан былай осы салмақта жалғастыруды жоспарлап отыр. Қазір оның салмақ дәрежесін ауыстыру және екінші орта салмақ бойынша әлемдік рейтингке енгізу туралы өтінішін WBO-ның рейтинг комитеті қарап жатыр.

Ұйымның мәлімдеуінше, комитет шешім қабылдау кезінде WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы ретіндегі бұрынғы мәртебесі мен жетістіктерін қоса алғанда, барлық маңызды дүниені ұйым регламентіне сәйкес ескеруге құқылы. Өзінің екінші орта салмаққа ауысу туралы шешімін Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желіде қысқаша түсіндірді.

— Өткен нәрсе өтті. Мен өткенмен өмір сүрмеймін. Бокс жолындағы тарихым бұрынғыдан да қызық болайын деп тұр. Жаңалықтарды күтіңіздер, — деп жазды ол Instagram парақшасында.

Қазір WBO тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпионының белбеуі бос тұр. Бұған дейін ұйым бұл титул үшін Хамза Шираз бен Диего Пачеко жұдырықтасуы тиіс деген шешім шығарған.