Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында өтіп жатқан таеквондодан командалық Әлем кубогында Қазақстанның ерлер құрамасы күміс жүлдеге ие болды.
Қазақстандық спортшылар жарысты сәтті бастап, ширек финалда Марокко құрамасын 2:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Ресей құрамасынан 2:1 есебімен басым түсіп, финалға жолдама алды.
Ал шешуші кездесуде отандастарымыз Қытай құрамасына 0:2 есебімен есе жіберіп, жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Қазақстан құрамасының сапында Мақсат Орынбасар, Абдурахмон Марипов, Ануар Мұхаметкәрімов және Батырхан Кусетов өнер көрсетті.