Қазақстандық дзюдошы Елдос Сметов Қытайдың Циндао қаласында өтіп жатқан Гран-при сериясындағы турнирдің жартылай финалына өте алмады, деп хабарлайды paryz.kz.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін спортшы ширек финалға дейін жетіп, онда франциялық Энцо Джинмен белдесті. Бұл кездесуде жеңіс француз дзюдошысына бұйырды.
Соған қарамастан, Елдос Сметовтің Гран-при турнирінің медалі үшін күресуге мүмкіндігі сақталып отыр. Егер ол жұбаныш белдесуінде жеңіске жетсе, қола медаль үшін күреседі.
Айта кетейік, Париж-2024 Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та ширек финалға жолдама алды. Оның келесі қарсыласы әзербайжандық Руслан Пашаев болады. Ал Талғат Орынбасар (60 келіге дейін), Әбиба Әбужақынова (48 келіге дейін) және Бақыт Құсақбаева (57 келіге дейін) Циндаодағы жарысты аяқтады.