Италияда өткен қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан тарихи алтын медаль жеңіп алған Михаил Шайдоров өзінің жалақысына қатысты мәліметті жариялаған Туризм және спорт министрлігіне ренішін білдірді, деп хабарлайды Paryz.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап.
Спортшы tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында табысына қатысты құпия ақпараттың таралуы өзіне ауыр тигенін айтты.
«Елімнің атынан өнер көрсететінімді, әнұранымызды шырқатып, көк туымызды көкте желбіреткенімді мақтан тұтамын. Қазақстандықтарға, соның ішінде мәнерлеп сырғанауды, спортты жақсы көретін жанкүйерлерге қуаныш сыйлағаныма бақыттымын. Дәл сол себепті де дәл осындай көңілді әрі көпшілікті біріктіретін сәтті неліктен жағымсыз жаққа бұрғаны маған түсініксіз. Қаржы мәселесіне келсек, жалақым туралы құпия ақпараттың көпшілікке жария болғаны маған ұнаған жоқ. Спортшы ретінде де, адам ретінде де маған деген құрметтің толық сақталмағанын көрсеткендей. Басымдық неге соған берілгенін түсінбедім. Мен тек өз жұмысымды істедім – жаттықтым, жарысқа қатыстым, нәтижеге жету үшін тынымсыз еңбек еттім», – деді Шайдоров.
Мәнерлеп сырғанаушы өзге спортшыларға қатысты бұрын-соңды мұндай ақпараттың жарияланбағанын да еске салды:
«Басқа спортшыларымыздың жалақысы жарияланғанын көрген емеспін. Сондай-ақ әлемдегі жетекші спорттық державалардың спортшыларына қанша қаражат жұмсалғанын, жүлдегерлерге немесе жүлдеге таласқан, бірақ түрлі себеппен медаль ала алмаған атлеттерге қанша төленгенін ашық есептеп жатқанын да байқамадым. Спортта ең алдымен нәтиже және соған дейінгі жол бағаланады». Олимпиада чемпионы 2025 жылы өзіне қажетті жағдай жасалғанын, ұсыныстары ескерілгенін айтты. Дегенмен олимпиадалық циклдің жарты жылмен шектелмейтінін тілге тиек етті. «2025 жылы толыққанды жағдай жасалды, пікіріме құлақ асты және мен мұны бағалаймын. Бірақ олимпиадалық цикл алты аймен шектелмейді. Бастысы, қаражат түгелдей дайындық пен дамуға жұмсалды: жаттығу, қалыпқа келу, мамандармен жұмыс істеу. Мен ақшаны ешқашан «салтанат құруға» мүмкіндік деп қарастырған емеспін. Себебі бұл қолдау тек олимпиадалық маусымға берілетінін білдім және оны барынша тиімді пайдалануға тырыстым. Барлық ресурс тек бір мақсатқа – нәтижеге жетуге және ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғауға бағытталды», – деп нақтылады ол.
Шайдоров назар қаражатқа емес, нәтижеге аударылғанын қалайтынын да жеткізді.
«Министрлік алтын медаль үшін маған шот ұсынғандай көрінді. Ол дұрыс емес. Ақшаға емес, нәтижеге назар аударылғанын қалаймын. Мәнерлеп сырғанау қымбат спорт екенін бәрі біледі. Шыны керек, нақты қанша төленгенін де есептеп көрген жоқпын. Бірақ берілген қаржының барлығы тек дайындыққа жұмсалды. Бұған ешкімнің күмән болмауы тиіс», – деді чемпион.