Шымкентте сотталған ер адам түрмеде отырып экстремистік әрекеттерге шақырғаны үшін жазасына жаза қосты, деп хабарлайды Paryz.kz қалалық сотқа сілтеме жасап.
"Ол №54 түзеу мекемесінде жазасын өтей жүріп, 2025 жылдың сәуірі мен мамыры аралығында жасырын жиындар өткізіп, "Х..." экстремистік ұйымының көзқарасын білдіретін радикалды жазбаларды оқып беріп, жиынға қатысушыларды экстремистік әрекеттерге тартқан", - деп жазылған хабарламада.
Сотталушының кінәсі жинақталған құжаттармен дәлелденді. Ол кінәсін мойындап, өзіне жеңіл жаза сұрады.
Сот жаза кесу барысында сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жайға асырауында 5 жасөспірім баланың болуын, ал ауырлататын мән-жайға қылмысты қайталап жасағанын жатқызған.
"Сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 259-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, ҚК-нің 60-бабы 1,4-бөліктерін қолданып, түпкілікті 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті", - делінген сот хабарламасында. Үкім заңды күшіне енген жоқ.