Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Ерейментауда жарыс кезінде 15 жастағы балуан жарақаттанып, жансақтау бөліміне түсті

Ерейментауда Перуаш Кәрімұлына арналған республикалық қазақша күрес турнирінде қайғылы жағдай орын алды. Кілем үстінде сәтсіз жасалған әдіс кезінде Ақтөбеден келген 15 жастағы жасөспірім ауыр жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі nayza_kokshe парақшасына сілтеме жасап

Ерейментауда жарыс кезінде 15 жастағы балуан жарақаттанып, жансақтау бөліміне түсті
Фото: Артем Чурсинов

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен жарыста кезекші дәрігер жарақаттанған балаға бірден көмек көрсетіп, реаниматолог шақыртты.

Қарау барысында жас спортшыда клиникалық өлім тіркелді. Ол шұғыл түрде Ерейментау аудандық ауруханасына жеткізілді.Дәрігерлер жүрекке жанама массаж жасап, адреналин енгізіп, дефибрилляция жасады. Соның нәтижесінде жүрек соғысы қалпына келді. Жасөспірім өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды, - деп жазады басылым.

Баланың денсаулығы дәрігерлердің бақылауында. Алдын ала диагноз – мойын омыртқасының сынуы. Консультациялардан кейін зардап шеккен спортшыны Астанадағы №2 қалалық ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылданды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биыл турнир оныншы рет ұйымдастырылып отыр.

Жарысқа Қазақстаннан, сондай-ақ Ресей мен Моңғолиядан екі жүзден астам спортшы келген. Турнир сенбі күні басталып, жексенбі таңертең болған қайғылы жағдайдан кейін тоқтатылды. Қатысушылар үйлеріне қайтарылды, бүгін соңғы спортшыларды шығарып салу аяқталуда.