Прямая трансляция

Астана

Астана

21°C

12 рет пышақ сұққан: Абай облысында 20 жастағы қызды бұрынғы жігіті өлтірді деген күдікке ілінді

Абай облысының Бородулиха ауылында қайғылы жағдай болды. 20 жастағы Дильназ есімді аруды бұрынғы жігіті 12 жерінен пышақтап, аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен ұсталды. Қыздың әкесі редакцияға сұхбат беріп мәселенің мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Paryz.kz Opennews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

12 рет пышақ сұққан: Абай облысында 20 жастағы қызды бұрынғы жігіті өлтірді деген күдікке ілінді
Фото: әлеуметтік желіден

Марқұмның әкесінің сөзінше, оқиға 13 тамыз күні болған. Қыз өзінің құрдастарымен кешке жиналып көшеге шығатын кезде, оның құрдастары шықпай қалған. Кейін қыз өзінің сыныптасымен далаға шыққан.

"Қызым сол түні тек сыныптасымен ауыл ішінде серуендеп жүрген. Айыпталушының сөзінше, менің қызым оған хабарласқан, кейін сыныптасы екеуі сол жігітке қарай барған, ауылдың шетіне. Жарты жолда сыныптасы үйіне қайтып қыз жігітке қарата барған", - деді қыздың әкесі. 

Әкесінің сөзінше, қыз бен жігіт сол жерде сөзге келген. Дильназ шапалақпен жігіттің бетінен ұрып жіберген, кейін жігіт те қыздың бетінен ұрған. Жағдайдың ушығып бара жатқанын қыз түсініп, бірден оқиға орнынан кетуге тырысқан. Оқиға түнгі сағат 1:00-дердің шамасында болған.

Әкесінің сөзінше, жігіт сол уақытта тергеушіге сүйреп жатқанның өзінде де қыз оған қарсылық танытқан. Қарсылық танытқаны үшін қызға тағы да дене жарақатын жасаған. Кейбір жарақаттардың тереңдігі сараптама мәліметтеріне сәйкес 7,7 см-ге дейін жеткен. 32 метр сүйреген соң жігіт шаршап, қыздың сырт киімін шешіп тастаған. Киімді алып әрі қарай орманға қарай кеткен, ол киімнің ішінде Дильназдың телефоны болған. Оны өшіріп тастап, киім мен телефонды орманға лақтырып жіберген, қыздың денесі жатқан күйі қалған. 

"Сондай-ақ, мамандар қызға жасалған шабуылдан кейін де қыздың біраз уақыт тірі жатқанын анықтады. Кейін жігіт өзінің үйіне барған да, киімдері мен сұққан пышағын алып, даладағы әжетхананың тесігіне тастап жіберген. Біз қызымызды кім өлтіргенін басында таба алмай жүрдік. Кейін куәгерлерден сұрастырып, оны таптық. Таңертең жігітті ұстап, үйінен алып кетті", – деді әкесі.

Сабыржанның сөзінше, Дильназ үйіндегі жалғыз бала, жалғыз қыз. Ал күдікті жігітпен былтыр қыз, жігіт болып, махаббат дастанын құрған.

Дильназдың әкесінің айтуынша, тергеуші бұған дейін отбасына сараптама нәтижелері алынғаннан кейін істі «Қасақана адам өлтіру» бабынан «Аса қатыгездікпен адам өлтіру» бабына қайта саралау ықтималдығы жоғары екенін айтқан. Алайда мүлдем ондай іс қозғалмады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс тек 99-баптың 1-бөлігімен қаралып жатыр. 

"Қызым Семейдегі Шәкәрім университетінде, тарих-география мамандығында 2-курсты тәмамдап, 3-курсқа өткен еді. Жалғыз қызым, жалғыз перзентім еді...", деп әкесі көзіне жас алды.

Оқиға бойынша редакциямыз Абай облысының департаментінен де пікір алды. Департаменттің бізге берген жауабы бойынша, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. 

"Абай облысы Полиция департаменті Бородулиха ауылының 20 жастағы тұрғынының қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін хабарлайды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", деп мәлімдеді Абай облыстық департаменті.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Департамент жауабында процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатқанын және танысу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс қылмыстық-процестік заңнамада белгіленген тәртіппен сотқа жолданатынын да хабарлады.