Әнші Жасұлан Базарбай балалар үйінен келген бүлдіршіндердің тағдырына алаңдап, әлеуметтік желідегі оқырмандарына әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды paryz.kz.
Өнер иесі мейрамхананың ашылу салтанатына балалар үйінен 75 бала шақырылғанын айтты. Солардың арасынан ерекше бір қыздың тағдырына назар аударған.
«Бүгін бір жылайтын күн болды. Мейрамхананың ашылуына балалар үйінен бүлдіршіндерді шақырдық. 75 бала келді. Соның ішінен әдемі, сүйкімді, мәдениеті жоғары бір қызға көзім түсіп кетті. Тәрбиеші ол қыздың тағдырын айтып берді», – деді әнші.
Оның сөзінше, тәрбиеші қыздың ата-анасы ауқатты отбасы екенін айтқан. Бүлдіршін дүниеге келгенде аяғындағы ақауға байланысты ата-анасы одан бас тартқан.
«Бұл қыздың анасы мен әкесі өте бай кісі. Қыз туылғанда аяғы қисық болып туған. Егіздің сыңары екен. Содан сол қисықтығы үшін сыңарын алып қалып, бұны өткізіп жіберген. Кейін қыздың аяғын операциямен түзеткен соң ата-анасына айттық. Сонда да "керек жоқ" деп бас тартты», – деді Жасұлан Базарбай.
Әнші сондай-ақ бір отбасының бес баласынан бас тартқанын айтып, олардың бірінің аутизмі бар екенін жеткізді.
«Бір үйдің бес баласын өткізіп кеткен. Біреуі аутист. Қарындасы бар екен. Қыз баланың жүрегінен айналып кетейін, ағасының аузын сүртіп, сонша қарап отыр. Айналайын, қазақтың ұлдары мен қыздары. Жүрегім-ай, солай жылайтын күн болды бүгін», – деді ол.