Қазақстандық Бауыржан Бақытжанұлы көп әйел алу жөнінде жазбалар жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасаған paryz.kz.
Қазақстан азаматы Бауыржан Бақытжанұлы бірнеше күн бұрын Instagram парақшасында үш әйелі туралы жазба жариялаған болатын.
"Олар өмірімнің сәні ғана емес, сондай-ақ тыныштығы. Әрқайсысы әр түрлі. Өз мінезі, өз арманы, өз уайымы бар. Мен мінсіз күйеу емеспін, бірақ олар күн сайын өздерін қорғанышы бар әрі сүйікті сезінетін ер адам болуға тырысамын", - деп жазды ол.
Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бүгін бұл жарияланымдар интернет кеңістігіне мониторинг жүргізу барысында анықталғанын хабарлады.
Полиция департаментінің мәлімдеуінше, автор "Қазақстан заңнамасына және қоғамның жалпыға ортақ моральдық-этикалық құндылықтарына қайшы келетін өмір салтын көпшілік алдында насихаттаған".
"Автордың жеке басы анықталды. Оған құқыққа қайшы контент орналастырғаны үшін Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Профилактикалық әңгімелесу жүргізілгеннен кейін азамат әлеуметтік желідегі парақшасынан жарияланған материалдарды өз еркімен өшірді", - делінген департамент хабарламасында.