Прямая трансляция

Астана

Астана

19.61°C

Қаскелеңдегі перзентханада үшем шетінеп кетті

Қаскелеңдегі перзентханада шала туған үшем шетінеп кетті. Қара жамылған отбасы кінәлі тұлғалардың жазаға тартылуын талап етіп отыр, деп хабарлайды КТК арнасының сайтына сілтеме жасаған paryz.kz.

Қаскелеңдегі перзентханада үшем шетінеп кетті
Фото: видиодан скриншот

Телеарна сайтының мәліметінше, 28 жастағы келіншек өткен жұмада, жүктіліктің 25-аптасында суы кетіп, Қаскелең қаласындағы перзентханаға жеткізілген. Дәрігерлер үшемге аяғы ауыр әйелге толғақ шақыратын екпе салып, табиғи жолмен босандыру туралы шешім қабылдаған.

"Таңғы 7-де келінім үшемді дүниеге алып келген. Негізі біз кесарь тілігімен қалаға барып жату керек едік. Алайда мынадай шұғыл жағдайда, бірақ ұлым үшем екенін айтып, қалаға жіберіңіздер деп сұраған. "Босандыру қолдарыңыздар келе ме?" дегенде, "өте кішкентай, біз табиғи жолмен босандырып аламыз" деген. Жетіде босанған, егіздер бірінен кейін бірі шетінеп кетті деп, екеуін ғана айтқан", - дейді Гүлжәмила Төлешова. 

Отбасы үшінші нәресте аман қалды деп үміттенген. Бірақ ол да шетінеп, дәрігерлер мұны жасырып қалғанын айтады. Туыстары бес айға дейін келіншектің денсаулығында шағымы болмағанын атап өтті.

"Келінімнің жүктілігі бастапқыда өте жақсы болды. Соңғы бес айдан кейін кішкене ауырлау өте бастады. Сақтап қалу үшін емделуге жаттық, керекті ем-домның бәрін алдық. Менің ашуымды тудырған нәрсе – балаларды беріп тұрып, үшінші баланы жасырып қалғаны. Не үшін, не себепті жасырды?! Неге бар шындықты айтпайды?! Неге бізге түсіндірмейді, барлығын, қалай болғанын?! Қан кетіп, үш перзентті табиғи жолмен босану оңай емес. Өзі қиналып жатқан анаға неге мұндай қайғылы хабарды жеткізеді? Менің түсінбейтінім – осы", - дейді Гүлжәмила Төлешова. 

Жақындары шақалақтарды жер қойнына тапсырған. Дегенмен, мән-жайды анықтау үшін эксгумация жасауды талап етіп отыр.

"Айдананың негізгі тарихында, үшем болғаннан кейін жоспарлы кесарь тілігі жасалу керек болатын. Олар Айдананың өзін босандырып алады. Ешкім шығып, ресми түрде Тимурға естіртпеген. Бізге де естіртпеді", - дейді туысы Жазира Төлешова. 

Бұл жағдайға қатысты медицина қызметкерлері былай деп түсінік берген: 

"Жүктіліктің 25-ші аптасында үшемді босану аса ауыр, шұғыл медициналық көмекті талап ететін критикалық жағдай болып табылады. Осыған байланысты жүкті әйел стационарға жатқызылды. Сағат 7-де нәрестелер дүниеге келді. Барлығының туған кездегі салмағы өте төмен болды. 500 грамға дейінгі нәрестелер экстремалды төмен салмақпен туғандар санатына жатады. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді. Қазіргі уақытта көрсетілген медициналық көмектің сапасына ішкі аудит жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеген Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметі. 

Үш сәбиінен айырылған ана қазір перзентханада емделіп жатыр. Бұл оның үшінші жүктілігі болған. Ерлі-зайыптының екі перзенті бар. Отбасы шетінеп кеткен үшемге қатысты тексеріс жүргізіліп, кінәлілер жауапқа тартылғанын қалайды.