Асанәлі Әшімовтің асырап алған қызы марқұм Сағи Әшімовті еске алды, деп хабарлайды paryz.kz ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің асырап алған қызы Жанна Өнербаева әлеуметтік желіде өмірден ерте өткен актер Сағи Әшімовтің туған күніне орай әсерлі жазба жариялады. Ол марқұм ағасымен өткен балалық шағын еске алып, оған деген сағынышын жеткізді.
"Бүгін 18 шілде менің ағам, арқа сүйеп өскен тірегім Сағи Асанәліұлы Әшімовтің туған күні. Тірі болса 65 жасқа толар еді. Иә ол ерте кетті өмірден. Жалындаған 38 жасында өмірден озды. Кинода өзі сомдап, бейнесін мәңгілікке қалдырған Шоқаны сияқты “аққан жұлдыздай” болып көз алдымда да жүрегімде де қалып қойды", деді ол.
Жанна Өнербаеваның айтуынша, оны кішкентай кезінде Асанәлі Әшімовтің отбасына бауырына басып өсірген. Сол шаңырақта Мәди мен Сағи Әшімовтермен бірге ер жетіп, олардың қамқорлығын көрген.
"Мен Сарысуда тусам да, Алматыда өстім. Өз әкем Қасым Ысқақұлы Екінші дүние соғысынан аман қайтқаннан соң, соғыстан қайтпай қалған алдыңғы ағаларының артында қалған жесірлері, жеңгелерімен бір-бір түйір балдары, інілерін Асқарәлі мен Асанәліні өз қамқорлығына алып, оқытып-тоқытып, үйлі баранды болуларын қамтамассыз еткен. Ата-анам қазақтың дәстүріне сүйеніп, ағайынның арасын алшақтатпау мақсатында болу керек, мені бір жастан енді асып, тәй-тәй баса бастаған шағымда Асанәлі ағамның отбасына бала қылып береді. Сөйтіп есім кіріп, оң-солымды тани бастағаннан алдымда екі ағам, Мәди мен Сағи бар, анамдай бауырына басқан Майра тәтем (Майра Шакенқызы Айманова) мен ағам Асанәлі бар, мейіріміне бөлеген Тәжіхан апам бар деп өстім, бой жеттім", деп жазды Жанна Өнербаева.
Ол Сағи Әшімовтің өзіне әрдайым қамқор болып, шығармашылық жолын таңдағанда қолдау көрсеткенін ерекше ықыласпен еске алды.
"Әрине, орысы көп Алматының ауласында бала болып ойнап, орыс тілді мектебінде оқыдық. Сондағы менің қорғаным Мәди ағам болды да қамқоршым Сағи ағам болды. Әсіресе Сағи мені қолымнан жетектеп мектепке бірге барып келіп, үйде сабақтарымды пысықтауға көмектесуден жалықпаушы еді. Әрине мен кейін өз отбасыма оралдым, мектепті сонда бітіріп, Алматыға қайтып келдім. Таңдаған мамандығым театр саласы болғандықтан ба, Сағи ағам тілекші болып, жанашырлық танытып жүруші еді. Үйленіп, отбасын құрғанымда да той қызықшылығымның бәрінде болып, өз қолынан сый-сиапаттарын жасап ағалығын көрсеткені әлі есімде. Сағи ол кезде бірнеше киноға түсіп үлгерген елге танымал актёр еді. Тірі жүрсе әлі қанша бейнелерді сомдап, театр мен киноның шыңында жүрер ме еді деп бүгін еске аламын асыл ағамды. Жаның жаннатта болсын Сағиым, жаным ағам", деді ол.