Тележүргізуші Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты сот ісіне пікір білдірді, деп хабарлайды paryz.kz.
Журналист сөз бостандығы – Конституциямен кепілдік берілген құқық екенін, алайда ол айтылған сөз үшін жауапкершілікті де қатар жүктейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, сөз бостандығы ешкімді қорлау құқығын білдірмейді және ол басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірілген жерде аяқталады.
Динара Сәтжан бір ай бұрын Ақтөбеден шыққан Бағдагүл есімді емшіге қатысты сотқа талап-арыз бергенін мәлімдеді.
Оның сөзінше, бүгін Астанада аталған іс бойынша алғашқы сот отырысы өткен.
«Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан кез келген дауды әлеуметтік желіде емес, заң аясында шешу маңызды. Өз құқығыңды қорғау – жанжалқой болу деген сөз емес. Мені жақын танитындар менің кек сақтамайтынымды біледі. Бірақ әлеуметтік желіде айтысуды да құптамаймын. Сондықтан Бағдагүл өз сөздері үшін TikTok-та емес, сотта жауап береді», – деп жазды тележүргізуші.
Сондай-ақ ол іс барысында қолдау көрсеткен адвокатына алғыс айтып, кәсібилігі мен сабырлылығы үшін ризашылығын білдірді.