Ақтөбе облысында полиция жоғалған үш тұрғынды іздестіруде, деп хабарлайды paryz.kz.
Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 900-ден астам адамның хабар-ошарсыз жоғалған.
2026 жылдың басынан бері Ақтөбе облысы Полиция департаментіне азаматтардың хабар-ошарсыз жоғалғаны туралы 900-ден астам хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 470 өтініш кәмелетке толмағандарға қатысты. Криминалдық полиция, патрульдік полиция және басқа да полиция қызметтерінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде іздеуде болған азаматтардың басым бөлігі табылып, отбасыларына қайтарылды. Қазіргі уақытта үш азаматтың жүрген жері әлі анықталмаған, оларды іздестіру жұмыстары жалғасуда, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
«Азаматтардың хабар-ошарсыз жоғалу себептері әртүрлі. Ересек адамдардың бір бөлігі туыстарына ескертпестен жұмыс іздеп басқа өңірлерге кетіп, байланысқа шықпайды немесе тұрғылықты мекенжайын өзгертеді. Ал кәмелетке толмағандар көбіне отбасындағы түсініспеушілік пен жанжалдың салдарынан үйден кетіп қалады немесе өз әрекеттерінің салдарын толық түсінбей, тұрғылықты жерінен өз еркімен кетеді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері төмендегі азаматтардың жүрген жерін анықтау бағытында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде:
Хасенов Асылхан Айдарханұлы, 1981 жылғы 15 шілдеде туған, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының тумасы; Ковтун Сергей Иванович, 1981 жылғы 19 шілдеде туған, Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы;
Қонырбаев Болат Шатанұлы, 1961 жылғы 19 тамызда туған, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Жабасақ ауылының тумасы.
Хабар-ошарсыз жоғалу туралы әрбір хабарлама бойынша бірден іздестіру топтары құрылып, жедел-іздестіру шаралары басталады. Полицейлер туыстары мен таныстарынан, куәгерлерден жауап алады, азаматтың болуы мүмкін орындарын тексереді, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделейді, сыртқы қызмет нарядтарына бағдар береді, еріктілермен және басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізеді.
Қажет болған жағдайда іздестіру жұмыстары облыс аумағынан тыс жерлерде де ұйымдастырылады. Ақтөбе облысы Полиция департаменті өңір тұрғындарына үндеу жасады.
Егер іздеуде жүрген азаматтардың жүрген жері белгілі болса немесе оларды табуға көмектесетін қандай да бір ақпарат болса, 102 арнасына, 8-707-765-35-25, 8-778-453-16-10, 8-708-188-63-58 телефон нөмірлеріне хабарласуларыңызды немесе жақын маңдағы полиция бөліміне жүгінулеріңізді сұрайды.