Ақтөбе қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 6655 әскери бөлімінде бір сыныптың 6 түлегі Отан алдындағы борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды paryz.kz.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы көктемде әскерге шақырылған сарбаздар – Түркістан облысы Арыс ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы жалпы орта мектептің түлектері.
Олар: Дархан, Жасұлан, Бақдәулет Қайратұлы, Бақдәулет Әділбекұлы, Бекзат және Саят.
Мектепте бірге білім алып, бірге ержеткен жігіттер әскери борышты да бірге өтеуге уағдаласып, бүгінде Ұлттық ұлан сапында қатар қызметке кіріскен. Ал ант қабылдау рәсімінде алты сарбаздың аналары ерекше қолдау көрсеткен.
Олар салтанатты рәсімге арнайы бірдей ақ жейде киіп келген. Жейделерге "Алты ана – бір жүрек, алты сарбаз – ел тірегі" деген жүрекжарды сөзді жаздырған.
"Біздің ұлдарымыз бала күнінен бірге өсіп, бір сыныпта оқыды. Мектепті аяқтай салысымен әскерге бірге барамыз деп шешім қабылдады. Біз, ата-аналар, олардың бұл таңдауына қолдау көрсеттік. Міне, бүгін Ұлттық ұлан қатарында қасиетті Әскери ант қабылдап тұрғандарын көріп, ерекше толқып тұрмыз. Бұл – әрбір ана үшін зор мақтаныш", - дейді сарбаздардың бірінің анасы Ақбаян Сапарбекқызы.