Прямая трансляция

Астана

Астана

25.68°C

«Мен — халықтың қызымын»: Депутаттыққа үміткер Тамара Асар мәлімдеме жасады

Танымал әнші Тамара Асар Қазақстан Халық партиясы атынан Құрылтай депутаттығына үміткер ретінде тіркелді, деп хабарлайды paryz.kz.

«Мен — халықтың қызымын»: Депутаттыққа үміткер Тамара Асар мәлімдеме жасады
Фото: видиодан скриншот

Бұл туралы әнші өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Өнер иесі өз жазбасында саясатқа келудегі мақсаты мен ұстанымын түсіндіріп, халықпен бірге қызмет етуге ниетті екенін атап өтті.

«Құрметті ОТАНДАСТАР!

Бүгін мен үшін ерекше әрі жауапкершілігі зор күн. Өнер адамы ретінде ғана емес, халықтың қызы ретінде, елінің амандығын, жұртының тыныштығын жүрегімен сезінетін азамат ретінде шығып тұрмын! Мен — халықтың қызымын.

Ес білгелі өмірім халықпен байланысты! Үлкен қалаларда да, шалғай ауылдарда да, үлкен кен орындарда да елмен жүздестім. Аналардың тілегін, ақсақалдардың батасын, жастардың арманын, қарапайым еңбек адамдарының үмітінің отын байқадым. Сонда бір нәрсені анық түсіндім: өнер адамы халықтан бөлек өмір сүре алмайды. Өнердің де, өмірдің де тамыры — халықта.

Маған бұл партияның “Халық” деген атауының өзі өте жақын. Бағдарламамен таныстым. Көңіліме қонды. Мен Халық партиясына барлық мәселенің жауабын білемін деп келген жоқпын. Мен тыңдауға, үйренуге, бірге жұмыс істеуге, елмен бірге болуға келдім. Өйткені халықпен жұмыс істеудің ең басты шарты — шынайылық. Өмірде әр адамның басынан әр түрлі сынақ өтеді.

Менің де тағдырым өзгеше жолды таңдапты. Сондықтан қиындық көрген адамның көңіліне жылы сөздің, шынайы қолдаудың, әділдіктің қаншалықты қажет екенін жақсы түсінемін. Адам қиналған кезде оған құрғақ уәде емес, жанашырлық керек екен. Оған биік мінберден айтылған сөз емес, жүректен шыққан шынайы қолдау керек. Аяғын қолын жоғалтқан адамдардың жүректеріне жалау болармын мүмкін.

Мен бұл тақырыпты өзім арқылы ұзақ зерттедім. Ол жайындағы мәселелерді бүге-шүгесін жақсы білетініме сенімдімін. Осы мәселені көбірек қозғауға тырысамын. Бұл партиядағы жол менің өнердегі жолымның саяси жалғасы болсын деймін. Өйткені өнерде де, қоғамдық істе де басты мақсат біреу — халыққа жақын болу, елге пайдалы болу, жүректерге жылу сыйлау. Барлығымыдың илегеніміз бір терінің пұшпағы. Халықтың әлеуметтік әл ауқатын арттыру!

Барлық партиялардың мақсаты да біреу ғана деп түсінемін! Қазақстан Халық партиясына мағансенім білдіргені үшін алғыс айтамын. Ең бастысы, мені өмір бойы демеп, рух беріп келе жатқан Қазақ деген ұлы Халқыма басымды иемін!", – деп жазды ол.

Алайда әншінің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Бірқатар оқырман оның саясатқа келу шешімін қолдамай, депутаттыққа кәсіби заңгерлер, экономистер мен мемлекеттік басқару саласын жетік білетін мамандардың барғаны дұрыс деген пікір білдірді.