Атырау облысында төрт адамның өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс бойынша өткен сот отырысында жаңа бейнематериалдар зерттелді. Жазбалардың бірінде сотталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиевадан жауап алынған сәт көрсетілді, деп хабарлайды paryz.kz kznews.kz-ке сілтеме жасап.
Сотта айтылған мәліметтерге сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева психоневрологиялық диспансердің ақпараттық жүйесінде есепте тұрған. Қазіргі уақытта ол психиатриялық мекемеде ем қабылдап жатыр.
Судья Зарема Хамидуллина әйелдің тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Оның сөзінше, ол Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылындағы мектепті бітірген. Кейін Ақтөбедегі колледжде оқыған. Оқу аяқталған соң Атырауда түрлі ұйымдарда жұмыс істеген. 2016 жылы Сұлтан Сәрсемәлиевке тұрмысқа шыққан. Отбасында бес бала тәрбиеленіп отыр. Тергеушінің сұрақтарына жауап берген Мұқанғалиева балаларының бір бөлігінің туған жылын ғана атай алған. Ал кенже баласының туған жылын есіне түсіре алмаған.
Сондай-ақ ол соңғы баласын дүниеге әкелгеннен кейін денсаулығында мәселе пайда болғанын айтты. Оның сөзінше, сол кезде Махамбет ауданында баласына енесі қараған. Әйел басы қатты ауырғанын, дәрігерлердің кеңесімен күйеуімен бірге Түркияға тексерілуге барғанын жеткізді.
"Мен басымды тексертіп, ем алдым. Түркияда күйеуім уақытша жұмыс істеді. Біз қонақүйде тұрдық. Мен көбіне ұйықтап жаттым. Телефоным болған жоқ, оны Сұлтан алып алған. Полиция мені және күйеуімді не үшін ұстағанын білмеймін", – деді ол жауап алу кезінде.
Бейнежазбаға қарағанда, Мұқанғалиева бірқатар сұраққа нақты жауап бере алмаған. Ол көбіне "Білмеймін" деп жауап берген. Бұдан бөлек, тергеу әрекеттері кезінде шаршағанын айтып, кейбір сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Сотта ұсынылған материалдарға сәйкес, кейін оған арнайы ем қабылдау ұсынылған.