Прямая трансляция

Астана

Астана

19°C

Атырау облысындағы бір отбасының өлімі: тың деректер белгілі болды

Атырау облысы прокуратурасы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасы мүшелерінің өліміне қатысты іс бойынша жаңа мән-жайларды жариялады. Атап айтқанда тергеу нұсқасы бойынша қылмыстар бір мезгілде жасалмағаны анықталды, деп хабарлайды Paryz.kz Ақжайық басылымына сілтеме жасап.

Атырау облысындағы бір отбасының өлімі: тың деректер белгілі болды
Фото: qamqor.gov.kz

Басылымның прокуратураға сілтеме жасап хабарлауынша, күдікті Наурыз Мұқанғалиевты мамырда, ал қалған үшеуін қарашада өлтірген.

Тергеу нұсқасы бойынша ол қылмысты жалғыз өзі, үшінші тұлғалардың қатысуынсыз жасаған. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Сәрсемалиев ақыл-есі дұрыс деп танылған және өз әрекеттері үшін жауап бере алады.

Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің басылымға берген мәліметінше, қаза тапқандардың денелерінде кесілген-шаншылған көптеген жарақат тіркелген.

"Әрқайсысында кеуде, мойын және өмірлік маңызды ағзалар аймағында алтыдан астам жарақат бар", - деп нақтылады ол.

Ал күдіктінің жұбайы әрі қаза тапқандардың қызына қатысты түпкілікті қорытынды әлі шыққан жоқ. Атыраудағы сарапшылар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматыда қосымша сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.

Марқұмдардың туыстары сот процесінің ашық өтуін талап етіп, онда барлық мән-жайдың жария етілуіне үміт артып отыр. Қылмыстық іс мамырда сотқа жолдануы мүмкін. Тергеу жалғасуда.