Прямая трансляция

Астана

Астана

14°C

«Соңғы аманаты еді...»: Мұхтар Шахановтың жары Тоқаевқа өтініш хат жолдады

Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханова президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ақынның соңғы аманатына қатысты хат жолдады, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Соңғы аманаты еді...»: Мұхтар Шахановтың жары Тоқаевқа өтініш хат жолдады
Фото: Ә.Мәмбетов атындағы театр

Өтініш хатта ол Мұхтар Шахановтың қазіргі жағдайы ауыр екенін айтып, қазақ руханиятындағы орнына тоқталған.

Сондай-ақ ақынның соңғы тілегі ретінде өзін Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлеуді аманат еткенін жеткізген.

"Ұлтымыздың біртуар перзенті, "Желтоқсан" оқиғасының шындығын әлемге жеткізген қайраткер, бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға бүгінде ауыр дертке шалдықты, хәлі аса күрделі жағдайда. Мұхтар Шаханов — тек ақын ғана емес, ол ұлттық намыстың символы, қазақ руханиятының асқар шыңы, саналы ғұмырын елінің азаттығы мен ана тілінің мәртебесіне арнаған ірі тұлға. Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты — өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлену", – делінген хатта. 

Сондай-ақ ол аталған нысанның тарихи-мәдени ескерткіш екенін ескере отырып, барлық рәсімдер заң талаптарына сай жүргізілетініне кепілдік берген.

"Сізден Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы ерен еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін назарға алып, оның соңғы аманатының орындалуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіңізді сұраймын", – деп жазды Ханшайым Шаханова.