Прямая трансляция

Астана

Астана

5°C

«Кәсіп пен хайпты шатастырмау керек»: Журналист «Алтын ханымға» қатысқан мектеп директорын сынады

Журналист Гүлбану Әбенова продюсер Баян Алагөзованың атышулы «Алтын ханым» жобасына қатысқан мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазаны сынға алды, деп хабарлайды Paryz.kz Sn.kz-ке сілтеме жасап.

«Кәсіп пен хайпты шатастырмау керек»: Журналист «Алтын ханымға» қатысқан мектеп директорын сынады
Коллаж: sn.kz

Ол бұл жағдайды кәсіби жауапкершілік пен әлеуметтік желідегі танымалдылықтың ара-жігін ажырату мәселесімен байланыстырды.

Әбенованың айтуынша, аталған байқауда лайықты қатысушылар аз болмаған. Олардың қатарында үлгілі аналар, жарлар және өз ісінің кәсіби мамандары бар. Алайда, оның пікірінше, жеңіс көбіне әлеуметтік желіде белсенді болған қатысушыға бұйырғандай әсер қалдырады. Журналист қазіргі таңда жетістікке жету үшін кәсібиліктен гөрі жеке брендті дамыту мен өзін көрсету алдыңғы орынға шығып бара жатқанын атап өтті.

«Мен шығармашыл, креативті адамдарды құрметтеймін. Бірақ мектеп директорының күн сайын TikTok немесе басқа да әлеуметтік желілерге контент түсіріп жүргенін қаламас едім», – деді ол.

Оның сөзінше, педагогтар мен білім беру мекемелерінің басшыларына жүктелетін жауапкершілік онсыз да ауыр. Ең басты міндет – балаларды оқыту мен тәрбиелеу. Сондықтан журналист әр адам өз кәсіби орнында қалып, жұмысына барынша жауапкершілікпен қарауы керек деп есептейді.

Оның пікірінше, қызметті тұрақты түрде өзін-өзі жарнамалау алаңына айналдыру дұрыс емес.

Сондай-ақ ол қоғамға сұрақ тастады: «Балаларыңыз оқитын мектептің директоры күн сайын TikTok-қа видео жүктеп отырғанын қалайсыз ба?» Бұдан бөлек, Әбенова мектеп директорының бір айға Алматыға кетуіне қатысты да пікір білдірді. «Меніңше, мектеп директорының әйелдер байқауына дайындалу үшін бір айға қызметін тастап кетуі – қалыпты жағдай емес. Осы уақыт ішінде түрлі түсірілімдерге қатысып, әлеуметтік желідегі танымалдылығының арқасында әртүрлі сапарларға шыққан», – деді ол.

Журналист мұндай жағдайда мектепті бір айға қараусыз қалдыру дұрыс па деген сауал қойды. Оның айтуынша, кез келген күні төтенше жағдай орын алуы мүмкін, ал балалар үшін жауапты адам сол сәтте өз міндетінен тыс іспен айналысып жүрген.

Сондай-ақ ол бұл жағдайға қатысты тиісті органдардан түсініктеме беруді сұрады.

«Егер ол шоу-бизнеске бет бұрғысы келсе, директорлық қызметтен босату керек шығар. Әр адам өз жолын таңдауы тиіс. Бұл – жай ғана ротация емес, орынды босату мәселесі», – деп түйіндеді журналист.