Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

Польшада із-түзсіз кеткен қазақстандық әйелдің мәйіті табылды

Польшада ақпан айында жоғалып кеткен қазақстандық Екатерина Шилова өлі табылды. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Польшада із-түзсіз кеткен қазақстандық әйелдің мәйіті табылды
Фото: әлеуметтік желіден

Ведомство мәліметінше, әйел Польша аумағында қаза болған. Қазіргі уақытта Қазақстанның Польшадағы елшілігі жергілікті билік органдарымен байланыста болып, марқұмның денесін елге жеткізу мәселесінде туыстарына көмек көрсетіп жатыр.

Қаза тапқан азаматшаның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамыз.

Қазақстан Республикасының Польшадағы елшілігі марқұмның туыстарымен және Польша тарапындағы құзырлы органдармен тұрақты байланыста. Консулдық-құқықтық мәселелер бойынша, соның ішінде мәйітті отанына қайтару бойынша қажетті көмек көрсетілуде, – деп хабарлады министрлік.

Сыртқы істер министрлігі бұл жағдай бақылауда екенін атап өтті. Алайда қазақстандық әйелдің қаза табу себептері әзірге нақтыланбаған.

Екатерина Шилованың жоғалып кеткені жайлы ақпан айында белгілі болған. Бұл жөнінде әлеуметтік желіде оның әпкесі хабарлаған. Оның айтуынша, 43 жастағы әйел біраз уақыт Польшада жұмыс істеп, Қазақстанға қайтуды жоспарлаған.

Ол Варшавадан Астанаға ұшуы тиіс болған, алайда рейске отырмаған. Ұшар алдында Шилова әпкесіне хабарлама жазып, елге қайту жоспарын өзгерткенін және Германиядағы жұмыс ұсынысын қарастырып жатқанын айтқан.

Толық мәліметті кейінірек айтатынын жазғанымен, содан кейін байланысқа шықпаған. Қазақстанның Варшавадағы консулдық бөлімі әйелдің жоғалғаны туралы ақпараттан кейін Польша құқық қорғау органдарына ресми нота жолдаған.

Варшава полициясы ақпаратты алғанын растады және істі іздестіру департаментіне тапсырған.