Бейресми ақпаратқа сәйкес, Атырау облысындағы полигондардың бірінде мерзімді әскери қызметтегі сарбазбен қайғылы оқиға болған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Атырау гарнизонының баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай Атырау облысындағы «Қарабатан» полигонында болған.
Әскери қызметші Батыс өңірлік қолбасшылық құрамына кіретін 41/433 әскери бөлімінде қызмет өткерген. 21 жастағы мерзімді әскери қызметші жауынгерлік даярлық кезінде оқ жарақатын алған.
Ол облыстық ауруханаға жеткізілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Оның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі. Аталған факті бойынша Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.