Полиция Атырау облысы Жангелдин ауылында бүтін бір отбасыны өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сарсемалиевті ата-енесін өлтірген үйге апарды.
Ол тергеушілерге қылмысты қалай жасағанын көрсетіп, сұрақтарға жауап берген. Алдын ала ақпарат бойынша Сұлтан Сарсемалиев ата-енесін өлтіріп, ауладағы сарайдың ішінде тереңдігі 1,5 метр шұңқыр қазып, денелерді үсті үстіне жатқызған. Кейін көміп, үстіне диван қойып кеткен.
Ішкі істер министрлігі жариялаған видеодан Сұлтан Сарсемалиевтің қалада жалдап тұрған үйінің іргесінен қазған шұңқырды көрсеткенін байқауға болады.
29 жастағы күдікті бұрынғы әйелінің ағасы Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаны сол жерге көміп кеткен. Сұлтан Сарсемалиев пен Ақбаян Мұқанғалиева Индонезияда ұсталған кезде олардан марқұмдардың жеке куәліктері мен банк карталары тәркіленді.
Қазір Сұлтан Сарсемалиев уақытша ұстау изоляторында. Кінәсін толық мойындаған.
Ал оның бұрынғы әйелі, 5 баланың анасы Ақбаян Мұқанғалиева психикалық денсаулық орталығына жатқызылды.