Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

"Мені кім тыңдайды?": Рамазан Стамғазиев саясаттан неге бас тартқанын айтты

Белгілі әнші, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев “Айран” арнасына берген сұхбатында өзіне қанша қызмет ұсынылса да олардан неге бас тартқанын айтып берді, деп хабарлайды Paryz.kz сайты tizgin.kz-ке сілтеме жасап.

"Мені кім тыңдайды?": Рамазан Стамғазиев саясаттан неге бас тартқанын айтты
Фото: видиодан скриншот

Сұхбат барысында әнші азаматтық ұстанымын әрдайым жасырмайтынын, оны айту уақыты келгенде парызы екенін атап өтеді. Қазақстанда атом электр станциясы салынады деп мәселе көтерілген кезде оған қарсы болғанын, жаңа Конституция жобасындағы қазақ тілі жайлы жазылған 9-баптың 2-тармағына (қазақ тілімен қатар орыс тілі қолданылады) да қарсы екенін жеткізген. Журналист сұхбат барысында Рамазан Стамғазиевке “сізге қызмет ұсынылды ма?” деп сұраған. Әнші мұндай ұсыныстар болғанын жасырмайды.

“Не істеймін онда? Мені кім тыңдайды? Бекболат пен Өнербаевтың Парламентте сөзін біреу тыңдады ма? Шерхан Мұртазаны тыңдады ма? “Жыланда ғана екі тіл бар” деп немесе “алтынның үстінде жалаңбұт отырмыз” деп айтқан да сол кісі еді ғой. Оны кім тыңдады? Мен барғанда нені өзгертемін? Соған кеткен уақытқа одан да қазақтың балаларына ән өнерін үйретейін, білім берейін, кітап оқытайын, адамдық жолға бағыттайын. Бәләмбай қызметке шақырғаны рас, бірақ онда мен домбырамды сүйеп кетуім керек қой!? Кәсібімді қоюыма тура келеді”, – деді ол.

Рамазан Стамғазиев таңдап алған жолы әншілік екенін, мұғалім болып өнерді кейінгі балаларға мұра етуді өзіне парыз санайтынын айтты. Әйгілі дәстүрлі әнші Қайрат Байбосыновтың “ХХ ғасырдағы жігіттері – біз ХІХ ғасырдың жүгін көтерген жігіттерміз, енді осы өнерді ХХІ ғасырдың жігіттеріне аманаттаймыз” деген сөзіне есіне алды.