Бүгін мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев елімізде жол-көлік оқиғасының күрт өскеніне алаңдаушылық білдіріп, жол апатын азайтуға қатысты бірнеше ұсыныс айтты, деп хабарлайды
Депутат ұсынған шешімдердің бірі – жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу.
"Біріншіден, жүргізуші жауапкершілігі. Тек 2024 жылы 12,6 миллион жол ережесін бұзу фактісі тіркелсе, 2025 жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 9,7 миллионға жеткен. Мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны 16 мыңнан асады. Сондықтан жол ережесін бірнеше рет өрескел бұзғандарды қайта емтихан тапсыруға міндеттеу керек", - деп мәлімдеді депутат.
Сондай-ақ ол жүргізуші куәлігін заңсыз беру фактілерін түбегейлі тоқтату керектігін жеткізді.
Нартай Сәрсенғалиевтың айтуынша, көлікке заңсыз орнатылған LED және Bi-LED шамдарға да қатаң тыйым салу қажет.
"Қарсы бағыттағы жүргізушінің көзіне шағылысатын жарық талай адамның жарық дүниемен қоштасуына себеп болып отыр", - деді ол.
Сонымен қатар депутат дронды жол сапасын бақылауға пайдалану, жол салу мен бақылаудың жаңа, ашық тетігін енгізу, біржолақты жолдарды кеңейту сынды ұсыныстар айтты. Оның сөзінше, біржолақты трассалар – өлім ошағы.