Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай ақшаға сатылатын марапаттарды тоқтатуды талап етті, деп хабарлайды paryz.kz.
Төменгі палатаның бүгінгі отырысында Толықбай атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып бара жатқанын, ал марапат пен атақ базарда сатылатын сувинер болып кеткенін ашық айтты.
Соның бәрін аты белгісіз қоғамдық ұйымдар оңды-солды үлестіріп жүр. Бұған дейін арнайы заң нормасы да қабылданған. Алайда бұл үрдіс керісінше үдеп барады.
"Мәселен, "Қазақстанның құрметті азаматы" төсбелгісі, "Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері" медалі және "Ұлт ұстазы" дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнаға салтанатты түрде марапаттайды. Өздері мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді", - деп қынжылды Толықбай. Оның айтуынша, пысықайлар бұны бизнеске айналдырып алған.
"Тіпті, "Ғасыр ұстазы", "Алаш ұстазы" дейтін атақтар шығыпты. Тек ақшасын төлесең болды, медаль да, орден де, куәлік те, қысқасы, дайын "шоу-пакетке" бірден ие боласың", - деп атап өтті депутат. Ал ең қауіптісі — бұл "марапат бизнесінің" мектептерге енуі. Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетін жағдайға жеткен.
Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруден емес, марапат жинаудан бір-бірімен жарыса бастапты.
"Бұл — білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс. Қаптаған атақ таратқыш ұйымдардың кесірінен біз атақ пен марапатты тойға апаратын жай сыйлық деңгейіне дейін арзандатып алдық", - дейді Толықбай.
Осы орайда ол үкіметке депутаттық сауал жолдап, қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды қабылдауды талап етті. Ал салмағы жоқ, жөн-жосықсыз сатылып жатқан атақ-марапаттарды таратқандарды жауапқа тарту қажет.