Қарағандыда полиция балалар үйінің тәрбиеленушілерінен ақша бопсалаумен айналысты деген топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Paryz.kz ІІМ-нің Polisia.kz медиа-порталына сілтеме жасап.
Басылым тілшісінің мәліметінше, 8 қаңтарда Қарағанды қаласында полиция қызметкерлері прокуратурамен бірлесіп, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік төлемдерден ақша бопсалауға қатысы бар ұйымдасқан топтың әрекетін анықтаған.
Алдын ала мәліметке сай, топ мүшелері соңғы жарты жыл ішінде алдау, қорқыту және физикалық күш қолдану арқылы бірнеше жәбірленушіден жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам қаражатты иемденді деген күдікке ілінді.
Басылымның хабарлауынша, балаларды арнайы шоттардан ақша шешуге, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарында несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілерден автоматты атыс қаруына арналған оқжатарлар және жүзден астам оқ-дәрі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша бопсалау белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық күдікті ұсталды. Кінәсі дәлелденсе, оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Полиция олардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.