Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында тіркелген ауыр қылмысқа қатысты тергеу әлі де жалғасып жатыр. Ерлі-зайыптының өлімі мен отбасының тағы екі мүшесінің жоғалып кетуі қоғамда үлкен дүрбелең туғызды, деп хабарлайды paryz.kz.
Мәйіттер табылған соң, тергеу органдарының басты назары марқұмдардың күйеу баласына ауды. Дегенмен, құзырлы мекемелер бұл іс бойынша әзірге ресми әрі толық ақпарат таратқан жоқ. Резонанс тудырған оқиғаға қатысты жаңа мәліметтерді «Ақ Жайық» басылымы жариялады. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыстың ізін жасыруға әрекеттенген болуы мүмкін.
Марқұмдардың денелері үй ауласындағы шаруашылық мақсаттағы құрылыстан табылған.
Дереккөздердің хабарлауынша, аталған ғимараттың ішінде шамамен 1,5 метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер сол жерге жасырылған. Кейін үсті топырақпен жабылып, линолеум төселіп, оның үстіне диван қойылған. Бөлме сыртынан кілтпен бекітілген.
Құқық қорғау органдарындағы бейресми мәліметтерге сүйенсек, күдікті қазір Индонезия аумағында болуы мүмкін. Тергеу барысындағы деректер оқиғаның жалпы картинасын біртіндеп ашып жатқандықтан, оның елден біржола кетуге тырысқан болуы ықтимал деген болжам айтылуда.