Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Айналасындағыларды балағаттаған оқушының ата-анасына айыппұл салынды

Қостанай обылысының Лисаков қаласында оқушының сабақтағы мінез-құлқы үшін оның ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды paryz.kz.

Айналасындағыларды балағаттаған оқушының ата-анасына айыппұл салынды
Фото: Baq.kz.

Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2025 жылдың 10 желтоқсанында 14 жастағы жасөспірім мектеп ғимаратында сабақ үстінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, осылайша ұсақ бұзақылық жасауына жол берген баланың ата-анасы жауапқа тартылған. Сот отырысында анасы өз кінәсін толық мойындап, баласының жасаған ісіне өкінетінін айтты және онымен профилактикалық әңгіме жүргізілгенін, оның мұғалімнен кешірім сұрағанын түсіндірді.

ӘҚБтК-нің 435-бабында Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігімен көзделген бұзақылықты немесе ұсақ бұзақылықты он төрттен он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған жағдайда, ата-аналар немесе оларды алмастыратын адамдар әкімшілік жауаптылыққа тартылатыны және олардың заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатыны көзделген. Істің мән-жайларын және әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатын ескере отырып, азаматша П. кінәлі деп танылып, оған айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды.

Айыппұлдың мөлшері ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігіне сәйкес азайтылып, нәтижесінде жалпы сома 19 267 теңгені құрады, - деп хабарлады Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.