Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

Ақтөбеде әйел мен оның жаңа туған сәбиі көз жұмды

Ақтөбеде анаcымен бірге баласы да бақилық болды. 41 жастағы жұбайы мен кішкентай сәбиінен айырылған азамат қайғылы оқиғаға фельдшерлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды paryz.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбеде әйел мен оның жаңа туған сәбиі көз жұмды
Фото: КТК арнасы

Айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлері жүктілік кезінде денсаулығына шағымданбаған Айжан Аязбаеваға дәрі берген. Сол препараттан кейін жұбайымның жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түсті деп отыр.

Әділдік іздеп жүрген жігіт ағасы медицина мамандарының салғырттығынан қара жамылдық деп есептейді. Өмірлік серігі мен үшінші сәбиінен айырылып қалғаны Руслан Сырлыбаевтың жанына қатты батқан. Жігіт ағасы жұбайы дәрігерге тұрақты түрде қаралып, денсаулығында ешқандай кінәрат болмаған деп отыр. Тек үш апта бұрын жүктілігінің жеті айлығында әйелдің қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем қызметін шақыртыпты. Фельдшерлер дәрі беріп, екпе салды. Содан кейін жағдайы күрт нашарлап кетті дейді. 

«Құттай салғаннан кейін жанына батып бастады. Денесінің бәрі қызып, қоя қойыңдаршы салмай-ақ қойыңдаршы дегенде олар тоқтатпады. Екпенің бәрін әкеліп салды. Содан бірден құсты. Құсқаннан кейін өкпесі сырылдап шыға келді. Насилкаға салып, лифтімен көтеріп, сыртқа шығарып жедел-жәрдемпен алып кетті», - дейді марқұмның күйеуі Руслан Сырлыбаев. 

Арнаның мәліметінше, ауруханаға ауыр халде жеткен Айжан Аязбаева кесарь тілігмен сәбиді босанады. Содан кейін есінен танып, екі аптадан соң көз жұмды дейді жолдасы. 10 күннен кейін шақалақ та шетінеп кеткен. Дәрігерлер науқасқа пневмония деген диагноз қойыпты. Қара жамылған отбасы қазаға жедел жәрдем қызметкерлерінің біліксіздігі себеп деп отыр. 

«Аяқтай жүрген, тым жақсы жүрген адам ғой. Қан қысымы 210 болса ондай жағдайда болмайды. 28 күні концертімізге бардық. Балдызым концертке апарды. Фельдшерлерден, сол заңменен фельдшерлерді заң талаппен шешілгенін талап етемін. Фельдшерлердің жазасын беруді талап етемін», - дейді марқұмның күйеуі Руслан Сырлыбаев. 

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері тексеріс бастапты. Ана мен бала өлімінің нақты себебі соның қорытындысынан кейін белгілі болады дейді. 

«Қазіргі уақытта тексеру жүргізіліп жатыр. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасымен. Соның бәрі де біткеннен кейін тексеру сіздерге ақпаратты береміз. Туысқандарына ақпаратты береміз. Анықтаймыз барлығын», - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушер-гинекологы Анар Ақатаева. 

Руслан Сырлыбаев отбасымен Атыраудан Ақтөбеге қоныс аударғанына небәрі төрт ай болған екен. Екі бала қазір анасыз қалды. Үлкені 18-де, кішісі жоғары сыныптың оқушысы. Марқұмның жақындары құзырлы органдарға шағымданып, кінәлілердің тиісті жазасын алғанын қалайды. Бұл қайғылы жағдай медицина мамандарына сабақ болуы тиіс деп отыр.