Халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары мен жүлдегерлері Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан марапат алды, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорданың хабарлауынша, іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда, 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылды. Оқушылар химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен.
Президент жастарды, ең алдымен, білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді. Олардың халықаралық беделді білім сайыстарында топ жарып, Қазақстанның атын әлемге паш етуін зор жетістік ретінде бағалады.
"Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу, әлемдік жарыста жеңіске жету оңай емес. Білімге деген ұмтылыстың, нағыз еңбекқорлық пен табанды іс-әрекеттің арқасында осындай биікке шығып жатсыздар. Расында, дарынға ие болу, бұл – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үздіксіз дайындықпен келеді", - деді мемлекет басшысы.