Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Оның әйелін танымаймын»: Руслан Берденов күдіктінің соттағы сөзін жоққа шығарды

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов бүгінгі сот отырысында күдіктінің айтқан сөзін жоққа шығарды, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Оның әйелін танымаймын»: Руслан Берденов күдіктінің соттағы сөзін жоққа шығарды
фото: әлеуметтік желіден

"Қазіргі уақытта денсаулығыма және бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатқаныма байланысты сот отырыстарына қатыса алмаймын. Алайда сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырмын. Сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл тек шантаж және қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ", - деп жазды Берденов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Шенеуніктің айтуынша, кейінірек күдіктінің өкілдері қорғаушылармен байланыс орнатып, "достасуды" ұсынған.

"Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда "ақпараттық жарылыс" жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім", - дейді әкім орынбасары. Ол бастапқы ұстанымы өзгермегенін, қақтығыс кәсіби, қызметтік сипатта болғанын атап өтті. 

"Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын", - деп толықтырды Берденов.

 "Бұдан да сорақысы, бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын", - дейді ол.

Оның айтуынша, депутаттық өкілет мерзімі аяқталған соң да, мемлекетке адал қызмет ету жолынан таймаған. Соңғы үш жылын осы жолға арнапты.

"Қала әкімінің шақыруымен әкімдікке келіп, ашық, адал жұмыс істеуге, халыққа шынайы көмек көрсетуге күш салдым", - деп түйіндеді Руслан Берденов. 

Еске сала кетейік, Руслан Берденовті атты деген күдікке ілінген Ернар Жиембай бүгінгі сот отырысында жұмыстан шығарылғаны үшін емес, қызғаныштан оқ атқанын мәлімдеді. Айтуынша әйелінің телефонынан Берденовтің "сен әдемісің" деп жазған сөзін көріп қалған. "Әйелімнің суретіне лайк басыпты" дейді ол. Осылайша күдікті қатты қызғанышқа бой алдырған көрінеді.