Ұлттық нақышты заманауи стильмен ұштастырған зергер.
Қазақ зергерлік өнерінің бүгінгі заманауи өкілі, «Erekše» бренді мен шеберханасының негізін қалаушы Саят Сейсенханұлы – дәстүр мен жаңашылдықты үйлестіре білген зергер, деп хабарлайды Paryz.kz тілшісі.
Оның авторлық бұйымдары бүгінде тек әшекей ғана емес, мәдени кодты сақтаушы символға айналған. Instagram желісінде мыңдаған жанды қызықтырып үлгерген бұл туындылар болашақ келіннің қолына тағылатын неке жүзігінен бастап, көне зергерлік бұйымдарға дейінгі кең ауқымды қамтиды. Саят жасаған әшекейлерді тек оның ғана бренді емес, қазақ салт-дәстүрінің насихаттаушысы деп те айта аламыз. Мәселен, ол жасаған білезік, сырға, сақина қазақтың тойы мен ұзату дәстүрінің айнымас бөлігі. Біз бүгін оның шығармашылық әлеміне саяхаттауды жөн көрдік.
Шеберлікке апарған бала арман
Саяттың қолөнерге деген қызығушылығы бала кезінен бастау алған. Ол темір, ағаш, сым сынды қарапайым материалдардан түрлі бұйымдар жасап көруге әуестеніп өсті. Бұл өнерге деген ынтаны байқап, бағыт берген – анасы. Ол баласының бейімділігін ерте танып, зергерлік жолына жетелей білді. Саят бастапқыда бірнеше салада өзін сынап көріп, өмірлік жолын іздеді. Тіпті алғашқы екі шеберханасын жабуға тура келген. Алайда шынайы қызығушылық пен жүректен шыққан сенім оны үшінші шеберханада өз орнын табуға алып келді.
Бір күні анасы: «Ата-бабамыз да кезінде зергер болған» дегенде, бұл сөз Саят үшін рухани серпіліске айналды. Сол сәттен бастап ол өз ісін жай қызығушылық емес, тұқымнан дарыған қасиет ретінде қабылдай бастады. Бүгінде оның жеке шеберханасы мен бұйымдарын сататын дүкені бар. Әлеуметтік желілердің, әсіресе Instagram платформасының көмегімен көпшілікпен байланыс орнатып, шығармашылық жолын кеңінен танытуға мүмкіндік алды.
«Erekše» – әр бұйымға ерекше мән беру
«Erekše» бренді – өз атауына сай, әр бұйымды өзгеше қырынан танытатын жоба. Бұл атау – жасалатын әр зергерлік туындының қайталанбас сипаты мен мағынаға толы болуын білдіреді. Саят әр бұйымды тек сәндік элемент ретінде емес, адамның өмір жолына, ішкі жан дүниесіне сай келетін терең символ ретінде қарастырады. Брендтің басты ерекшелігі – ұлттық нақышты басты өзек етіп ұстауы. Қазақтың бай мәдени мұрасы – ою-өрнек пен символика – шығармашылық философиясының негізі. Бұйымдарды жасау кезінде тек көзге көркем ғана емес, мағынасы терең өрнектерді қолдану маңызды. Қолданылатын белгілердің қатарында «қошқар мүйіз», «тұмарша», «шаңырақ», «жұлдыз», «ирек» тәрізді көне символдар бар. Әрқайсысының өзіндік философиясы мен тарихы бар, ал оларды заманауи стильмен үйлестіріп беру – шебердің басты мақсаты.
Жеке тапсырыстан – жүрекке жететін туындыға
Бүгінде ең көп сұранысқа ие бұйым – неке жүзігі. Жастар арасында бірегей, мағыналы сақина жасатуға деген қызығушылық артып келеді. Бұл бұйымдар – өмірлік серттің символы ғана емес, ғұмыр бойы естелік болып қалатын ерекше заттар. Сонымен қатар атаулы күндерге арналған сақиналар, алқалар, білезіктер мен ерлерге арналған сәндік бұйымдарға да тапсырыс көп. Саяттың айтуынша, әр клиенттің сұранысы – жеке тарих. Бірі жақын адамға арнап арнайы символ салуды қаласа, енді бірі өз есімі мен өмірлік ұстанымын бейнелейтін таңба енгізуді сұрайды. Сондықтан шеберханада жасалатын бұйымдардың басым бөлігі – авторлық және тапсырысқа бейімделген туындылар. Қазіргі таңда Саят басқаратын топта сегіз маман жұмыс істейді. Олардың арасында тәжірибелі шеберлер, 3D-дизайнер, менеджерлер мен маркетологтар бар. Бұл шағын, бірақ үйлесімді команда – әр бұйымның сапасы мен мағынасына жауапты шығармашылық ұжым.
Уақыт пен шеберліктің симфониясы
Зергерлік туынды жасау – тек технологиялық процесс емес, тұтас бір өнер. Алдымен клиенттің тілегі тыңдалып, оның қалауы мен өмірлік оқиғасы ескеріледі. Кейін дизайн ұсынылады, ол нобай түрінде де, 3D үлгісімен де көрсетіледі. Бұдан кейін бұйымның барлық кезеңдері – құю, өңдеу, тазарту, жылтырату, тас қондыру секілді жұмыстар аса мұқият атқарылады. Бір бұйымды жасауға орта есеппен 7–10 күн кетеді. Кей жағдайда бұл мерзім одан да ұзақ болуы мүмкін, себебі бұйымдар конвейерлік тәсілмен емес, қолмен жасалады. Мұндай тәсіл әр бұйымды рухани тереңдікпен, шынайы сүйіспеншілікпен жасауға мүмкіндік береді. Формалар – жай геометриялық пішіндер емес, олар шексіздік, тұтастық, рух пен сана сияқты ұғымдарды білдіретін символдар. Бұл формалар арқылы әр клиенттің жан дүниесіне жақын мән-мағына жеткізіледі.
Тек әшекей емес – жанның айнасы
Саят үшін зергерлік өнер – тек металдан бұйым жасау емес, адам жанының тереңде жатқан сезімдерін бейнелеу. Әр бұйым – белгілі бір оқиғаның, адам өміріндегі маңызды кезеңнің үнсіз куәсі. Сүйіктіге арналған сақина, анаға жасалған тұмар немесе өзіне сыйланған сыйлық – мұның бәрі естеліктің материалдық бейнесіне айналады. Саят өз жұмысында көптеген әсерлі оқиғалардың куәсі болған. Бірі болашақ жарына арналған сақинаға алғашқы кездескен күнін, жүрекжарды сөзін ойып салуды сұраса, енді бірі алыстағы елден анасына ұлттық символдармен безендірілген тұмарға тапсырыс берген. Бұл оқиғалар шеберге үлкен шабыт сыйлап, әр бұйымды махаббатпен жасауға жетелейді.
Ұлттық өнер – жаһандық деңгейге ұмтылыс
Саят шетелдік зергерлік мектептерден де шабыт алады. Әсіресе Италия мен Жапония зергерлерінің жұмыс стилі, формалар мен технологияны шебер үйлестіруі оған үлкен әсер қалдырған. Дегенмен, ол өз шығармашылығында ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, әлемдік деңгейдегі сапа мен стильге қол жеткізуді мақсат етеді. Жастардың ұлттық нақышқа қызығушылығы артқанын байқаған зергер, ою-өрнекті қазіргі эстетикамен ұштастырып, оны жаңа ұрпаққа жақын әрі түсінікті етіп ұсынуға тырысады. Қазіргі таңда ұлттық белгілерді күнделікті өмірде қолдану – тек сән емес, санаға сіңіп келе жатқан мәдени үрдіс.
Болашаққа бағытталған мақсаттар
«Erekše» бренді алдағы жылдары халықаралық нарыққа шығуды, капсульдік топтамалар жасауды, ұлттық әшекей үлгілерін қайта жаңғыртуды және кәсіби оқыту жобаларын бастауды жоспарлап отыр. Бұл бренд – жай ғана зергерлік шеберхана емес, мәдени кодты ұрпаққа жеткізуші орта болуға ұмтылады.
Зергерлік өнер – ұлттық сананы сақтап, оны жаңа ұрпаққа жеткізудің бір жолы. Саят Сейсенханұлы бастаған «Erekše» бренді осы бағытта сапалы жұмыс істеп, әр бұйым арқылы жүрекке жол тауып келеді. Әр ою – ұлттың болмысы, әр пішін – рухани мән, ал әр зергерлік туынды – тарих пен заманауи стильдің алтын көпірі іспетті.