Астанада Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша жарыссөз басталды, деп хабарлайды Paryz.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Мемлекеттік айыптаушы Мадина Оразалина соттағы жарыссөз кезінде айыптау тарапының ұстанымын таныстырып, екі айыпталушының кінәсі дәлелденгенін айтты.
Оның сөзінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігінің қызметін бүркемелеп, Перизат Қайрат анасы Ғайни Алашбаевамен бірлесіп, шамамен 3,5 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты жинап, оны иемденіп алған. Шынайы қайырымдылық пен өзгенің қайғысын саудаға салу арасында айқын шекара болуы керек.
«Садақа – мансапқа жетудің құралы емес. Егер біреу қазақ халқының мейірімін пайдаланып, ізгілік маскасын тағып, пайда табуға тырысса, ол қошемет емес, сотпен беттеседі. Бұл процесс сабақ болсын. Бұл – белгі. Халықтың сенімі – әмиян да, бренд те емес. Ол – аманат. Ал аманатқа қиянат жасаған адам міндетті түрде әшкере болады. Біздің тарихта көмектесуді үнсіз, картасыз жасайтын шынайы меценаттар бар», – деді прокурор Мадина Оразалина.
Прокурордың мәлімдеуінше, жиналған қаражаттың басым бөлігі жалған желеумен – оңалту орталығына қолдау көрсету, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек және тіпті Палестина халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін жиналған.
Алайда тергеу бұл ақшаның көп бөлігі айыпталушылардың жеке қажетіне жұмсалғанын анықтаған. Қаражат элиталық көліктерге, пәтерлерге, саяжайларға, қымбат киім мен аксессуарларға, бес жұлдызды қонақүйлерде демалуға жұмсалған, – дейді прокурор.
Оразалинаның айтуынша, Перизат Қайрат пен оның анасы бірнеше бап бойынша айыпталып отыр: Алаяқтық бойынша үш эпизод – ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы; Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру бойынша екі эпизод – ҚР ҚК 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 3-бөлігінің 3-тармағы.