22 маусым күні кешкі сағат 20:30 шамасында Астанадағы «Millennium Park» тұрғын үй кешенінде қайғылы оқиға болды. Күдікті бұрын жүрген қызын бірнеше жерден пышақтап өлтіріп, оның туған бауырын да жаралаған, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Бүгін әлеуметтік желіде полиция күдіктіні қалай ұстағаны бейнеленген видео тарады.Бейнежазбада бірнеше полиция қызметкері күдіктіні ұстап, қолын кісендегенін байқауға болады. Жігіт қарсылық танытпаған, өкінішсіз, мүдірместен сұрақтардың бәріне жауап беріп тұр.
«Қызды не үшін өлтірдің?» деген полиция қызметкеріне «көзіме шөп салды» деп озбыр жауап берген. «Кішкентай қыз ғой» деген полицияның өзіне жекіп «кетсең, өзің кет» деп боқтайды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, күдікті марқұмның бұрынғы жігіті. Қыз пәтердің ішінде бірнеше пышақ жарақатымен табылған. Көршілердің айтуынша, оқиға алдында пәтерден қатты айқай-шу естілген.
Қанды оқиғадан кейін күдікті көшеге шығып, өтіп бара жатқан адамдарға шабуыл жасаған. Сол кезде қыздың бауырын жаралаған. Марқұмның жарақат алған інісі 16 жаста болып шықты. Бүгін қалалық денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайына қатысты ақпарат берді.
«2009 жылы туған жасөспірім жедел жәрдеммен екінші балалар ауруханасына арқа аймағындағы пышақ жарақатымен түсті. Аурухананың жедел хирургия бөліміне жатқызылды. Қазір жағдайы тұрақты», - деп мәлімдеді Астананың денсаулық сақтау басқармасы.