Павлодар балабақшасында тәрбиешінің балаларды аяусыз ұрып-соғып, шашынан жұлып, жұлқылаған видеосы желіде тарады. Осы оқиға туралы балалардың құқығын қорғау жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шакенова түсініктеме берді, деп хабарлайды Paryz.kz.
«№116 балабақшаның бір тобына орнатылған бейнебақылау камераларынан алынған жазбаларды қарап шығу барысында, тәрбиешінің балаларға қатыгездік көрсеткені анықталды. Бұл балалар 2022 жылы туған және жастарының кішілігіне байланысты көпшілігі әлі сөйлемейді. Осы жағдайға байланысты ата-аналар полиция мен Павлодар қаласының білім бөлімі өкілін шақырды. Аналардың бірі маған WhatsApp арқылы хабарласып, көмек сұрады», - деді уәкіл.
15-тен астам ата-ана Сәуле Шакеновамен кездескен. «Барлығы өз жағдайларын баяндады, мен олардың айтқандарын тыңдап, бейнежазбаларды қарап шықтым. Менің қатысуыммен полиция қызметкерлері ресиверді тәркіледі, оның ішінде барлық бейнематериал бар. Тергеу ҚР ҚК 140-бабының 2-бөлігі бойынша басталды», - деді ол.
Қазір Оңтүстік полиция бөлімі ата-аналардың арыз-шағымын тіркеген.
«Кәмелеттік жасқа толмаған азаматты тәрбиелеуге қатысты жүктелген міндетті орындамау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады. Сондай-ақ, балабақша басшылығының іс-әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», – делінген полиция хабарламасында.
Балаларға сот-медициналық сараптама тағайындалды. Балабақша басшысы тергеу үшін жауап алуға шақырылды. Барлық зардап шеккен ата-ана мен балаларға Психологиялық қолдау орталығынан тегін психологиялық көмек ұсынылды.