Прямая трансляция

Астана

Астана

15°C

«Өздеріне сенбейді, логикасы дамымаған»: Айнұр Әбдірәсілқызы нумеролог-астрологтарға жүгінетін шенеуніктер туралы

Дінтанушы Айнұр Әбдірәсілқызы Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында астролог-нумерологтар адасқан адамдар екенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Өздеріне сенбейді, логикасы дамымаған»: Айнұр Әбдірәсілқызы нумеролог-астрологтарға жүгінетін шенеуніктер туралы
фото: видеодан скриншот

Журналист Дәурен Сейітжанұлы Қазақстандағы саяси тұлғалар неліктен астролог-нумерологтарға жүгінетінін сұрады.

«Адамның санасының дәрменсіздігін байқатады. Құдай берген мидың күші өте алапат. Онымен біреу 19 миллион халықты, енді біреуі 1,5 млрд адамды басқарып отыр. Мидың күші логикадан тұрады. Сондықтан Қандай да бір нумеролог, астрологқа жүгінетін адам өз миының күшін пайдалана алмайды, логикасы дамымаған дегенді білдіреді. Екіншіден адам дәрменсіз, басқа нәрседен үміт күтед дегенді білдіреді. Егер діни қисынмен қарайтын болсақ, қандай қиын жағдайда да Хақ Тағала көмектеседі деген иманы болса, мұндайларға жүгінудің қажеттілігі болмайды. Демек ол адамдар Аллаға туралап тәуекел ете алмайды, өздеріне сенімсіз. «Сезікті секіреді» демекші, қуыстанады, сезіктенеді», - деді ол.

Айнұр Әбдірәсілқызы биліктегі адамдардың қандай да бір шешімдеріне нумеролог-астрологтар әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Бірақ олар көп жағдайда мемлекеттің емес, қара басының қайтсем билігімді нығайтамын, қайтсем айналамдағыларды айтқанымнан шығармаймын, қайтсем өмірім ұзақ болады деген мәселелерін ақылдасатын шығар деп ойлаймын. Ал ішінара мемлекеттің мәселелерін сұрап қалса, олардан есті сөз шығад деп айту қиын. Олар тура жолдағы адамдар емес қой. Сол себепті, міндетті оларға кері күштердің әсері болады. Логикамен, адамгершілікпен, жанашырлықпен жұмыс істемеген соң ол жерде ешқашан тұрақтылық болмайды, қоғамды жақсылыққа бастамайды. Айта кетейін, басы-қасында болмағаннан кейін болжам жасай берсек, біздің де солардан айырмашылығымыз болмай қалады. Сондықтан болжам жасағым келмейді. Бірақ болып қалуы мүмкін жағдайларды тілге тиек етіп отырмын. Бір жаманы, астролог, нумеролог, палшы-бақсылардың көмегіне бір жүгінген адам көп жағдайда соларға тәуелді болып қалады. Олар да қарап отырмайды ғой, айналасындағы қара күштердің көмегімен ол адамды жадылап алуға, өздеріне тәуелді етіп алуға тырысады. Содан кейін оларға барған адам ірі мәселелерді де ақылдасуы, кеңесуі мүмкін. Ол мемлекеттік деңгейде үлкен проблемаға алып келуі мүмкін. Оның бәрін мен мүмкіндік ретінде айтамын. Егер олармен бірге қоян-қолтық араласып жүргені рас болса, барлығы да мүмкін», - деді ғалым.

Айнұр Әбдірәсілқызының айтуынша, нумерология мен астрология салаларынан заңдылық іздеп, ғылымға айналдырудың қажеті жоқ деп есептейді.

«Алла Тағала сандарға қасиет, құдірет дарытқан жоқ. Тек сәйкестіктер ғана болуы мүмкін», - деді. Сұхбат барысында Айнұр Әбдірәсілқызы адам шешім қабылдай алмайтындай тығырыққа тірелгенде не істеу керегін айтты.