Алматыда тағы бір жантүршігерлік зорлық-зомбылық фактісі қоғамды дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Qazaq Today.
Сыйластық көшесінде түнгі сағат 4-тер шамасында белгісіз ер адам жас әйелге қол көтеріп, көшенің қақ ортасында ұрып-соққан.
Күдіктінің мас күйде болғаны анық байқалады. Қатыгез әрекет куәгерлердің бірі түсіріп үлгерген бейнежазба арқылы әлеуметтік желіде лезде таралып, жұрттың ашуын туғызды. Видеода ер адамның әйелге еш аяушылық танытпай, бірнеше рет күш қолданғаны анық көрінеді.
Куәгер қыз оқиғаны камераға түсіргенімен, полиция шақыруға мүмкіндік болмаған — себебі екеуі бірден оқиға орнынан ізін суытқан. Оқиғаға қатысты пікір білдірген Алматы қалалық полиция департаменті жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Әуезов аудандық полиция басқармасы дереу тексеру жұмыстарын бастап кеткен.
“Қазіргі уақытта полицияға ешқандай ресми арыз, қоңырау немесе хабарлама түскен жоқ. Қатысушылар анықталып жатыр. Тексеру нәтижесінде заңға сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі” – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.